Астананы кешенді дамыту тетіктері заңмен бекітілді

Астананы кешенді дамыту тетіктері заңмен бекітілді

Бас қаламыз одан сайын көркейе түспек. Қос палата Астананың мәртебесі туралы заңды екінші оқылымда мақұлдады. Құжат шаһарды дамыту жүйесін жетілдіріп, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Астананың халықаралық қатынастар орталығы ретіндегі рөлін де күшейтеді. Жаңа заңда мәслихат пен әкімдіктің өкілеттілігі нақтыланды. Енді мәслихат басқа елдердің жергілікті өкілді органдарымен байланыс орнатады. Мемлекет қажеттілігі үшін жер телімі мен жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келісіп, қала құрылысына қатысты маңызды шешімдерді бекітеді. Ал әкімдікке апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу, шаһардың архитектуралық келбетін сақтау жүктелді.