Екібастұз моноқалалар тізімінен шықты – ҰЭМ

Екібастұз моноқалалар тізімінен шықты – ҰЭМ

Енді Екібастұз ресми түрде моноқала санатына жатпайтын болды. Яғни, Ұлттық экономика министрлігінің былтырғы бұйрығына сәйкес шағын шаһар ерекше қорғауды қажет ететін аймақтар тізімінен шығарылды. Үкіметтің кешенді түрде жүргізген талдауы аймақты әлдеқашан өз-өзін асырай алатын қабілетке ие деп бағалады. Жауаптылар бұны қаланың кәсіпорындарға тәуелділігінің азаюымен түсіндіруде. Әсіресе, соңғы жылдары шаһарға түскен инвестиция көлемі артқан. Моноқалаға талдау 78 түрлі бағытта жүргізілген. Соның ішінде өнеркәсіптің жағдайы, инвестициялық белсенділік, кәсіпкерліктің дамуы, жұмыспен қамту деңгейі және экономиканың жалпы тұрақтылығы қарастырылған. Енді моноқалалар тізімінде 19 қала қалды.

Жәнібек Шәйдікерім, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің департамент директоры:

- Қала бұрынғыдай бір ғана салаға тәуелді болмай, бірнеше бағытта дамып жатыр. Бұл шешім қаланың экономикасы жаңа деңгейге шыққанын көрсетеді. Ол кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі.