Азаматтардың жеке деректерін сатумен айналысқан топ құрықталды
Қазақстанда азаматтардың жеке мәліметтерін интернетте заңсыз сатып,
таратумен айналысқан деген күдікпен 140-тан астам адам ұсталған. Бұл туралы
Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті хабарлады.
Операция Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жүргізілген. Полицияның
мәлімдеуінше, тергеу барысында күдікті топ мемлекеттік базалардан азаматтардың
жеке деректерін заңсыз алғаны және Telegram платформасы арқылы таратқаны
анықталған. Ол мәліметтер кейбір коллекторлық агенттіктерге де берілген.
Қазіргі таңда бес күдікті қамауға алынған. Тінту барысында 400-ден астам
компьютерлік және басқа да электрондық техника тәркіленіпті. Қазір қылмыстық
кодекстің 3 бабы - ақпараттық жүйеге
заңсыз қол жеткізу, жеке өмірге қол сұғу және жеке деректер туралы заңнаманы
бұзу, сондай-ақ шектеулі электрондық ақпараттық ресурстарды заңсыз тарату
деректері бойынша іс қозғалған.

