Баласы қылмыс жасаған ата-аналар жазаланды

Баласы қылмыс жасаған ата-аналар жазаланды

Былтыр елде балаға қатысты кез келген зорлық-зомбылық түрлері үшін жауапкершілік қатаңдатылып, заңға өзгеріс енгізілді. Жаңа санкция бойынша кәмелетке толмаған баланы қорлау, яғни, буллинг жасағаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Егер агрессор кәмелетке толмаса, онда жауапкершілік оның ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі. 2024 жылдың 6 айында осындай 182 дерек тіркелсе, биыл 54 адам жауапкершілікке тартылған. 

Бүгінде мектеп оқушылары арасындағы буллинг – тек балалар үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін өзекті мәселе. Қорқыту, кемсіту, мазақ ету сияқты әрекеттер кей жағдайда ауыр психологиялық зардаптарға әкелуі мүмкін. Психологтардың айтуынша, буллингтің басты себептерінің бірі – тәрбиедегі кемшіліктер, әлеуметтік желілердегі агрессия және балалар арасындағы түсініспеушіліктер. 

Жадыра Ахтанова, №111 орта мектептің психологы: 

- Кейбір балалар ұсақ түйек нәрсенің өзін буллинг деп түсінеді. Енді ол мектеп қабырғасы болғаннан кейін бала ойнағысы келеді ғой үзілісте бірін бірі түртіп, қалжыңдасқысы келеді. Досты солай табады ғой әлеуметтену арқылы, бір-біріне қарым қатынас жасау арқылы. Ал осыны кейде қате түсінетін балалар бар бізде. Өйткені кейбір ата аналар бар балаларына саған кім тиісті? Не істеді? сен оған қалай қайтарым бердің деп.  

Иә, ата-ана бала үшін қашан да жауапты. Тіпті баласының буллинг әрекеті үшін шамамен 37 мың теңге айыппұл төлейді.  

Жасұлан Жұманалин, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары: 

- Өткен жылы бұл бап бойынша 182 құқық бұзушылық тіркелген ал, биылғы жылдың үш айында 54 адам тіркеліп отыр. Негізінен сот оларға ескерту жасаумен шектелген. Ата-аналарға айтқым келетіні өз жауапкершіліктеріңізді педагогтар мен құқық қорғау органдарына жүктеу дұрыс емес. Баланың болашағы үшін бірінші кезекте ата ана жауапты.  

Айта кетейік, қаңтар айынан бастап балалар құқығын қорғауда және оларға психологиялық қолдау көрсету мақсатында мектептер мен колледждерде «111» байланыс орталығының QR коды іске қосылды. Былтыр дәл осы орталыққа 1000 ға жуық баладан өтініш келіп түскен екен. Енді мамандар өткен жылы еліміздің мектептерінде буллингке қарсы енгізілген арнайы бағдардаманың нәтижесін күтіп отыр. 

Юлия Овечкина, ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары: 

- Қазір біз осы мәселе төңірегінде жұмыс істеп жатырмыз. Өткен жылы еліміздің мектептерінде буллингке қарсы пилоттық режимде екі бағдарлама енгізілді. Бірі шетелдік КИВА және отандық «Дос болайық» бағдарламасы. Мамыр айында осы екі бағдарламаның нәтижесін шығарамыз. Соған қарай келесі оқу жылында әр мектеп өз қалаулары бойынша бағдарламаны таңдап енгізетін болады.