Этникалық қазақтарға арналған «Ата жолы» картасы іске қосылады

Осы жылдың шілде айынан бастап қандастарға «Ата жолы» картасы қолжетімді болады. Картаны арнайы «Құтты мекен» мобильді қосымшасы арқылы рәсімдеуге мүмкіндік берілген. Қосымша жақын арада іске қосылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, «Ата жолы» картасы Қазақстанда өз әлеуетін іске асыру елге кәсіпқойлар мен табысты бизнесмендерді тарта түседі. Карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға азаматтығын сақтай отырып беріледі.

Дастан Айтқұлов, ҚР ЕХӘҚМ көші-қон комитетінің басқарма басшысы:

- Бұл азаматқа бір кездері алған азаматтығын өзгертудің қажеті жоқ. Егер ол қандас статусын алатын болса, бір жылдың ішінде еліміздің азаматтығын алуы керек. Егер ол АҚШ, Франция немесе Германия азаматтығынан айырылғысы келмесе, онда ол «Ата жолы» картасын қолдана алады. Сондай-ақ, қандастармен тең құқыққа ие бола отырып, Қазақстан Республикасының аумағында бола алады. Карта иегерлерінің саяси құқықтары шектелген. Яғни,  дауыс бере алмайды және сайлана алмайды. Қалған әлеуметтік қамсыздандыру, медициналық сақтандыру құқықтарының барлығы беріледі. «Ата жолы» картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады.

Жыл басынан бері 8 мыңнан астам адам тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған. Елімізге оралғандардың ішінде ең көбі Өзбекстан, Қытай, Ресей, Моңғолия, Түркменстан және басқа да мемлекеттерден келген. Этникалық қазақтардың басым бөлігі Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Жамбыл облыстарына, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларына қоныстанды.