Қазақстан арқылы өтетін транзиттік ұшақтардың саны артты
Қазақстан аспанымен ұшатын рейстер саны үш еседен астам ұлғайды. Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, ағымдағы тәулік ішінде оның саны 450-ден асқан. Оның 257-сі – жоспарланбаған рейстер. Бұл транзиттік рейстердің бір бөлігі Қара теңіз аймағынан Қазақстан аумағына бағытталғанымен байланысты. «Қазаэронавигация» жұмыс көлемін ұлғайтуға, барлық рейске уақытылы қызмет көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Әуе кеңістігін басқару жүйесі штаттық режимде жұмыс істеуде және қазіргі жүктемелерді кедергісіз орындауға мүмкіндігі жетерлік. Оңтүстік бағыт бойынша Еуропадан Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға бағытталған рейстердің артуы елімізге айына 1,5 млн доллар көлемінде қосымша табыс әкеледі деп болжануда.