Батыс Қазақстан облысы: Өңір өнімі халықаралық нарыққа шықты

Батыс Қазақстан облысы: Өңір өнімі халықаралық нарыққа шықты

Батыс Қазақстан облысы биыл ел қазынасына 990 млрд теңге аударды. Ал, өңірдің өз бюджеті 33,5% ұлғайып, 634 млрд теңгеге жеткен. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіне келген Нариман Төреғалиев айтты. Әкімнің сөзінше бұрын тұралап қалған құрылыс көлемі 9 пайызға артып, айналымы 262 миллиард теңгеге жеткен. Өнеркәсіп көлемі де 3,1 триллион теңгеге өсіпті. Өңірдегі өзгерістер туралы толығырақ тілшіміз тарқатады.


Экономикалық өсімнің басты тетігі - инвестиция. Биыл өңірге 566 миллиард теңге тартылған. Оның 80 пайызы жеке сектордың үлесі. Бір жылдың ішінде 303 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 17 пайызға жетті. Тұрақты түрде дамып келе жатқан ауыл шаруашылығы саласының өнім көлемі 281 миллиард теңгеден асып, 6,4 пайызға көбейді.


Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:


- Жергілікті қазынаға түскен қаражат өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға өсіп, 634 миллиард теңгеге жетті. Экономиканың барлық секторында өсім бар. Инвестиция көлемі артып келеді. Алдағы бес жылда жалпы құны 4,4 триллион теңге болатын 73 жоба іске асады. 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.


Өңірдің халықаралық нарыққа шығаратын өнімі көп. Чехия, Ресей, Иран, Қытай және Кореямен жалпы құны 1 триллион теңгеге жуық келісім жасалған. Олар Оралға келіп энергетика, өнеркәсіп пен агросекторға қаржы салмақ. Жылына 130 мың тонна метанол шығаратын кешен салу, киік етін қайта өңдеу кәсіпорнын ашу, контейнерлік шыны өндірісі және Орал қаласындағы кәріз жүйесін жаңғырту үшін тағы 58 миллиард теңгенің ауқымды жобасы қолға алынбақ.


Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:


- Ірі жобалардың қолға алынуы – экономикалық белсенділікті күшейтеді. Инфрақұрылым, өнеркәсіп және энергия саласындағы бастамалар инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай қалыптастырады.

Әлеуметтік инфрақұрылым да жаңарып жатыр. Биыл бірнеше мектеп, емхана, мәдениет және спорт нысандары салынып, пайдалануға берілде. Халықтың орташа жалақысы 369 мың теңгеге жетіп, бір жылда 16 пайызға өскен.