Бейжің декларациясы. Феминизм қазақ даласына батыстан келген жоқ
Жыл сайын дәл осы кезеңде халықаралық әйел зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн акциясы өтеді. Символикалық түрде 25-ші қараша Халықаралық әйелдерге қарсы қылмысты жою күні басталып, 10-желтоқсан бүкіләлемдік адам құқықтары күні аяқталады. БҰҰ мәліметінше, әр 10 минут сайын әлемде бір әйел өз отбасы мүшесінің қолынан қаза табады. Әйелдерге қатысты әлімжеттік салдарынан феминизм ұғымы қалыптасты.
Феминизм – әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған әлеуметтік және саяси қозғалыс. Ал гендерлік теңдік деген не? Адам өмірінің барлық саласында ер мен әйелдің құқығы мен мүмкіндіктерінің бірдей болуы. Қазіргі ғаламдану ғасырында теңсіздік пен теңдік арасындағы пікірталас ешбір қоғамды айналып өте алмайды. Дәстүрлі қоғамдарды да. Біреу бұл идеяны дұрыс десе, біреу теріске шығарады. Ал әлемдік үкімет - БҰҰ гендерлік теңдікті адамзаттың орнықты дамуының алғышарттарының бірі деп таныды. «Жаһан жайын» бүгін осы тақырыпты терең талдауға арнаймыз.

