Билік пен қоғам диалогы: X Азаматтық форум басталды

Билік пен қоғам диалогы: X Азаматтық форум басталды

Қазақстанда үшінші сектордың қатары жылына шамамен 150 қатысушыға артып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары небәрі ондаған үкіметтік емес ұйым болса, бүгінде олар 23 мыңға жуықтады. Еліміздің бұл саласы Орталық Азиядағы ең дамыған қоғамдық институтқа айналды. Қазақстанның Х Азаматтық форумының ашылуында сөз сөйлеген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осындай пікір білдірді. Мерейтойлы жиында қатысушылар демократиялық үрдістерді дамытуға қатысты тың ойларымен бөлісіп, талқыға салуда. Форум аясында 30-дан астам пікірталас алаңы мен сессиялар өтеді. Жалпы дәстүрлі форум тарихында көтерілген 500-ден астам ұсыныс мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылған.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Биыл да форум шеңберінде түрлі тақырыптық секциялар, арнайы кездесулер мен сарапшылардың дәрістері өткізілетін болады. Оның тиімділігі мен нәтижесіне біз әр форум сайын көз жеткізіп жүрміз. Сөз жоқ, бұл тұрғыда мемлекет пен қоғамдық ұйымдар арасындағы әріптестікке артылар сенім зор. Ең бастысы, бізде бұл салада бірлескен жұмыс, ортақ түсінік, жүйелі жол бар. Ендеше форум аясында айтылған әрбір ой-пікірмен ұсыныс есепке алынып, ертеңгі жоспарымыздың жолынан табылар деп сенемін.

Биыл жиынға алғаш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО және басқа да ірі халықаралық ұйым өкілдері қатысып жатыр. Форум алдағы 5 күн қатарынан әлеуметтік желілерде тікелей эфирде өтеді. Көрермендер көкейдегі сауалдарын жолдап, кері байланыс ала алады.