Биыл 11 жаңа электр станциясы іске қосылады
Келер жылдың бірінші тоқсанында елдегі энергия тапшылығы толық шешіледі. Ал 2029 жылға қарай қуат көзі профицитке шығады. Энергетика министрлігі осындай мәлімдеме жасады. Биыл осы мақсатта бірнеше нысан іске қосылады. Атап айтсақ, Қызылорда облысында 240 меговатт болатын станция пайдалануға беріледі. Ал Түркістан облысында 1гегаватттық нысан ел игілігіне қызмет етпек. Алматыда да ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Бірінші және екінші жылу электр орталығында жиынтық қуаты 1,1 гигаватт болатын бу-газ қондырғылары салынуда. Бұл мегополисті экологиялық таза қуат көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Қостанай облысында 2 жел электр станциясы іске қосылады. 50 мегаваттық Aspan Energo және 100 мегаваттық «Гиперборея» өңірді тұрақты қуат көзімен қамтамасыз етуге сеп болады. Ал Маңғыстау, Жамбыл, Қостанай және Жетісу облыстарында жалпы қуаты 92 мегаватт болатын 4 күн электр станциясының құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, Түркістан облысында «ТАУЭНЕРГО» компаниясының шағын гидро электр станциясы жұмысын бастайды. Бұл нысандар жыл сайын шамамен сағатына 16 млрд киловатт қуат өндіреді. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында былтыр 3,7 млрд киловатт-сағат энергия импортталғанын атап өткен еді. Осыған байланысты жаңа қуат көздерін жедел іске қосуды тапсырды.

