Бизнестің жол картасы-2025: ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау

Бизнестің жол картасы-2025: ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау

Ұшқыр ойыңды табысты іске айналдырудың еш қиындығы жоқ. Елордалық Кәсіпкер Әлия Тоқтанаева бұған іс жүзінде көз жеткізді. Екі жыл бұрын ол 5 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік грант иегерлерінің біріне айналды. Осы қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, балаларға арналған ойыншықтардың шағын өндірісін іске қосты.

Әлия Тоқтанаева, кәсіпкер:

– Біз фрезерлік, лазерлік сынды жалпы істі бастан аяқ жасауға мүмкіндік беретін жабдықтар сатып алдық. Негізінен бізде баланың қимыл жүйесін, яғни моторикасын бір іске ден қойып отыруын жалпы ой өрісін дамытуға бағытталған ойыншықтар бар. Біздің барлық өніміміз экологиялық таза, біз балалардың денсаулығына кесірі тимейтін улы емес және зиянсыз акрил бояуын қолданамыз.

Осы текті жас өреннің ой-өрісін кеңейтуге бағытталған ойыншықтар қол  моторикасын дамытып қана қоймай, есте сақтау қабілетін жақсартады, алаңдамай бір нәрсеге ден қойып, істі аяғына дейін тындыруға баулиды.  Ең бастысы, мұндай жаттығулар гиперактивті балалар мен ерекше қажеттіліктері бар балғындарға пайдасы мол. Жоба авторлары төл өнімдерін жеке және балаларға білім беру мекемелері мен оңалту орталықтарының тапсырыстары бойынша әзірлейді. Айта кетейік, Әлия бизнес жүргізу дағдыларын арнайы оқыту тренингтерінен үйренді.

Зульфия Бадаева, бизнес-тренер:

– Әлия 2020 жылы арнайы курстан  өтті. Ол бір ай бойы кәсіпкерлік негіздерін оқып, жүйелі түрде кеңес алды, қандай бизнеспен айналысу керек деген сұрақтардың жауабын алды.  Мәселен, оның көңіліне жақын істі іздеп түрлі бағыттарды қарастырдық. Өйткені жеке кәсібің өрге домаласын десең сүйікті ісіңмен айналысу керек. Біз негізі жұмыссыз бос отырған адамдарды оқытамыз. Әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы аналар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар,  29 жасқа дейінгі жастар. Жылына шамамен 1,5 мың студент оқиды оның үштен бірі яғни  500-і өз бизнесін ашады.

Кәсіпкерлікті қолдау және дамытуға бағытталған "Бизнестің жол картасы 2025" бағдарламасы 2012 жылы іске қосылды. Осы жылдар ішінде елордада 388 кәсіпкер мемлекеттен қайтарымсыз қаржылай көмек алды. Гранттық демеудің жалпы сомасы 1 миллиард 400 миллион теңгені құрады. Биыл осы бағдарламаға қатысу өтінімдері 1-15 сәуір аралығында қабылданады.

Айжан Нұрматова, Нұр-Сұлтан қ. инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының өкілі:

– Байқау толықтай, яғни бар үрдіс  автоматтандырылған. Өткен жылдан бастап құжаттар тек онлайн қабылданады. Бағдарламаға Нұр-сұлтан қаласында жеке кәсіпкер немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелген, сондай-ақ елордада бизнесін іске асыруды жоспарлайтын шағын кәсіпкерлік субъектілері ғана қатыса алады. Бизнестің қағидалармен бекітілген экономиканың басым секторлары шеңберінде іске асырылуы міндетті басты талап. Бұл жобада өндіріс, өнеркәсіп, білім беру, денсаулық сақтау, туризм сынды негізгі салалар қамтылған.

Айта кетейік, биыл елордалық кәсіпкерлерді қолдауға 345 миллион теңге бөлінді. Олардың 20% - ы халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын ісін жаңа бастаған бизнесмендердің жобаларын қаржыландыруға бағытталған. Ерекше санатта 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер бар. Олардың идеясын жүзеге асыруға ел қазынасынан 45 миллион теңге қарастырылып отыр.