Болашақтың еңбек нарығы мен заманауи бизнесі
Карантин нәпақа табамын деген жанға еш кедергі емес. Керісінше, шектеу шаралары ұтқыр ойларды жүзеге асыруға жол ашады. Бұны 4 баланың анасы нақты іспен дәлелдеп отыр. Қатерлі індеттің кесірінен сұлулық салоны жабылып қалған Кербез Арыспайқызы қол қусырып отыра алмаған. Заман ағымына көсіліп, қоғамның сұранысына сай жаңа кәсіпті меңгерді. Қазір ол кептірілген жемістерді безендіріп, түрлі сыйлық орамаларын жасайды. Тапсырыс онлайн жасалады. Сұраныс еселеніп, жақсы табыс көзіне айналған кәсіп иесі бастамасының қыр-сырымен өзгелермен бөлісіп, қашықтан оқыту курстарын ашқан.
КЕРБЕЗ АРЫСПАЙҚЫЗЫ, КӘСІПКЕР:
- Қазір Қазақстан бойынша мұндай мектептер жоқ. Ең алғашқы болып осындай фуд флористика саласын әкеліп отырмыз. Қазір кешенді түрде барлық қалалардан, ауылдардан оқып жатқан кісілер бар. Жақында бұнымен шектелмей, мемлекеттің қолдауымен 550 мың теңге алып, бизнес бастаумен 1 ай оқып, өзімнің жартылай дайын өнімдер цехын аштым. Ол да жүріп жатыр.
Бүгінде бизнесті қолдау, жеке істі тиімді жүргізуге бағытталған, сұранысқа ие кәсіптерге машықтап, тапшы мамандарды қайта даярлайтын арнайы оқыту бағдарламалар заман талабына сай сандық жүйеге келтіріліп жатыр. Жол мен уақыт машақатын шешкен электронды тұғырнамалар арқылы жұмыс іздеген, немесе кәсібін кеңейтем деушілер қалауын табады. Жақында елімізде осыған мүдделі азаматтарды оқытуды онлайн форматқа көшіруге мүмкіндік беретін бірыңғай портал құрылады.
НҮРКЕН ТҮЛЕУОВ, «ЕҢБЕК РЕСУРСТАРЫН ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
- Электронды еңбек биржасында қысқа мерзімді онлайн оқыту платформасы жасалуда. Соны осы жылдың шілдесінен бастап қолға алып, пилоттық түрде жүргіземіз. Ол арқылы, ең бастысы, жұмыспен қамту орталықтарына келетін жұмыссыздарды онлайн түрде оқытамыз деп үміттенеміз. Жалпы анализ жасаған кезде, біздің халық ең тапшы деген курстар – ол IT секторын, яғни IT тілдеріне байланысты, сосын ағылшын тілін үйрену сынды, және басқа да бизнес түрлеріне байланысты курстар таңдап жатыр.
Осы бағытты дамыту үшін еңбек нарығының сұранысына икемді жауап беретін «Дағдылар Банкі» енгізілді. Кәсіби стандарттар негізінде әзірленген жүйе 8 мыңнан астам дағдыларды қамтиды. Бұл тізім заман талабына қарай көсіліп, өзгертіліп тұрады. Мамандардың айтуынша, болашақта аталмыш құрал сұраныс төмен мамандықтар үлесін азайтуға сеп болмақ.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов