ДДЖСҰ ветеринарлық қызметті жетілдіру бойынша Қазақстанға көмектесуге әзір

ДДЖСҰ ветеринарлық қызметті жетілдіру бойынша Қазақстанға көмектесуге әзір

Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын қорғау ұйымы ветеринарлық кадрларды дайындау саласында Қазақстанмен әріптестік орнатуға әзір. Мәселен, ауылдық елді мекендердегі мал дәрігерлерін дайындауда әлемдік салалық зертханалардың тәжірибесін пайдалану көзделуде. Бұл туралы ұйымның өкілі Дмитрий Морозов Сенаттағы үкімет сағатында хабарлады. Жиында аграрлық ғылымның даму мәселесі талқыланды. Оның сөзінше, арнайы бағдарлама бойынша, аграрлық жоғары оқу орындары мен қатар аграрлық колледждерде де оқу бағдарламасын түбегейлі өзгерту көзделуде. Одан бөлек дүниежүзілік ұйым ветеринарлық саланы дамытудағы Қазақстанның әр қадамына қолдау көрсетеді. Оның ішінде бірыңғай бақылау жасайтын органның құрылуына да көмек көрсетпек ойда.

Дмитрий Морозов, ДДЖСҰ өкілі:

-Бұл орган ветеринарлық палата немесе ветеринарлық кеңес деген атпен аталады. Бұл жобаға сәйкес, ветеринарлық білім беруге ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, мамандардың біліктілігін арттыру, түлектерді жұмыспен қамтуды қарастырамыз. Ең бастысы, әр мемлекетке қажетті ветеринарлар мен фельдшерлердің санын есептей отыра қажетті қадам жасауды көздейді. Арнайы қадамдар тізбегі жасалып, қазір еуропа, Кавказ және Орта Азия елдерінде жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, ұйым өкілі өз ұсыныстарын да айта кетті. Сөзінше, қазіргі заманға сай ветеринарлық кадрларды даярлау үшін Жоғары білім және ғылым, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрліктері өзара үйлестіруді күшейтуі қажет. Ауыл шаруашылығы ведомство басшысының айтуынша, республикада аграрлық ғылымды дамытудың жаңа моделін «кадрлар даярлау - ғылыми зерттеулер - өндіріс» қағидаты бойынша енгізу жоспарлануда. Осы мақсатта отандық зерттеу университеттері мен Агротехнологиялық хаб құруға баса назар аударылады.