ЕО Қазақстанның саяси жаңғыруына қолдау білдірді

ЕО Қазақстанның саяси жаңғыруына қолдау білдірді

Қазақстандық тауар, мұнай мен ауыл шаруашылық өнімдерін Еуропа нарығына жеткізудің жаңа жолдары Люксембургте «Қазақстан-Еуроодақ» ынтымақтастық Кеңесінің 19-отырысында талқыланды. Сонымен қатар жиын барысында энергетика, көлік, инфрақұрылым және цифрлық технологияларды дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Премьер-Министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған қазақстандық делегация білім, денсаулық сақтау, ғылым және мәдениет салаларындағы екіжақты байланыстарды нығайтуға ниет білдірді.

Мұхтар Тілеуберді, Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

– Қазіргі уақытта Еуропалық Одақты Қазақстанмен және Орталық Азиямен ғана емес, одан әрі Азия континентімен байланыстыратын транзиттік-көліктік әлеуетті дамыту ерекше маңызға ие. Сондықтан мұнай мен ауыл шаруашылығы өнімдерін Еуропа нарығына жеткізудің жаңа жолдары іздестірілуде.

Еуропалық дипломаттар айтуынша, одақ Қазақстанның саяси реформалар жолын және жақында өткен конституциялық референдумды құптайды.

Катрин Колонна, Францияның Еуропа және Сыртқы істер министрі:

– Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын және цифрлық байланысты дамытуда негізгі роль атқарып келеді. Біз адам құқықтарын сақтау мен азаматтық қоғамның маңызын және қаңтар оқиғасын тергеу барысын талқыладық. Саяси реформалар мен конституциялық референдум Қазақстанның ашық саясат пен демократияға ұстанымын көрсетті. Бұны қолдап отырмыз.