Ертіс өңірінде қоғамдық этнография музейі ашылды

Ертіс өңірінде қоғамдық этнография музейі ашылды

19-шы ғасырға тиесілі құран кітабы, күмістен жасалған әшекейлі бұйымдар, табақ, әлем карталары және басқа да құнды жәдігерлер. Осының бәрі Павлодарда ашылған қоғамдық этнографиялық музейден орын алды. Ең қызығы, мұнда қойылған экспонаттарды өңір тұрғындары жинақтаған. Арасында Қазақстан халықтарынан бөлек, тіпті экзотикалық елдерге тиесілі экспонаттар да баршылық. Осылайша соңғы тоғыз жылда жүздеген жәдігер топтастырылды. 

Еңлік Әбеуова, этнограф:

– Этнографиялық музей экспозициясының бір ерекшелігі, жаңадан экспонаттар болсын, павлодар облысы бойынша ауылдық аймақты аралап жүріп, жинаған этнографиялық материалдардың нәтижелері көрсетілген. Сол себепті, ол осымен де ерекше. Бүгінгі таңда өзімізде сақталып қалған бұл экспонаттардың көрсетілімі.

Александр Вервекин, география үйінің директоры:

– Алдымен коллекциялар жиналды, кейін біз музейге ғимарат іздедік. Рухани ордадағы әр жәдігердің терең тарихы бар. Басым бөлігі қазақ халқына тиесілі. Елімізде тұратын көптеген ұлттың тұрмысынан, мәдениетінен сыр шертетін экспонаттар бар. Болашақта музей рухани, мәдени-ағартушылық орталыққа айналады.

Қазіргі уақытта мұражай қорында 200-ден астам жәдігер бар. Қоғамдық этнографиялық музей мұрасымен кез келген тұрғын таныса алады.