Қазақстанның кино индустриясы жаңа бағытта дамиды
Жыл басы Президент мақаласымен айқындала түсті. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты ой-толғауында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қоғамы үшін маңызды бірнеше тақырыпты қамтыған. Солардың бірі кино индустрия саласының өкілдеріне арналды.
Біздің шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар, тарихи тұлғалар баршылық дей келе, президент құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырды. Ол ауқымды көрмелермен немесе басқа да үлкен жобалармен әуестенбей, балаларға, жастарға арналған қарапайым әрі қабылдауға жеңіл туындыларға баса мән беруге кеңес берді.
Көрерменін құны дүниелермен қуантып жүрген «Хабар» Агенттігі жақында «Абай» телехикаясын эфирге шығарды. Туынды режиссері әрі сценарисі Мұрат Есжанның айтуынша, белгілі бір оқиғаны көрермен санасына сіңіру үшін оны жаңаша бағытта беру маңызды.
МҰРАТ ЕСЖАН, РЕЖИССЕР:
– Шынын айту керек, біздің тарихымыз және біздің әдебиетіміз – әлі бір толыққанды экрандалмаған, толыққанды көрерменге кино нұсқа ретінде жетпеген тың нәрсе. Сондықтан Президентіміздің бұл айтып отырған бастамасы өте орынды әрі өзекті. Әсіресе, тарихқа жаңа көзқараспен, жаңа бір қадамдармен, ол тек қана тарихи көзқарас па, кино тұрғысынан, әдіс-тәсілдер тұрғысынан жаңа бір бағыттармен жеткізу – ол бүгінгі күннің талабы.
Авторы: Ақзер Сегізбай