Берлин орталығында қазақтың ұлттық музыкасы ойнады

Берлиннің орталығында киіз үй бой көтеріп, ұлттық музыкамыз ойнады. Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған шарада келушілерге ұлттық киімдерімізді киіп көріп, домбыра шертуге мүмкіндік берілді. «Табиғат, мәдениет, халық. Таңғалдыратын Қазақстан» атты фотокөрмені Германиядағы Қазақстан елшілігі мен «Қазан» қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.  

Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері Құрманғазы мен Дина Нұрпейісованың күйлерін, сондай-ақ халық әндерінен құралған ерекше бағдарлама әзірлеп келді. Өнерпаздарымыздың құлақ  құрышын қандыратын дауысы мен шеберлігі жергілікті көрермендерді таңғалдырды. 

Биргит Ветцель, журналист:

- Маған қазақ музыкасы өте ұнайды. Тіпті бірнеше диск сатып алдым. Сондай-ақ концертті  бастан аяқ таспаға түсіріп алдым. Солист қыздың дауысы көңілімнен шықты. Бұл видеоны әлеуметтік желілерге шығарамын. Көрме Қазақстанды керемет жарнамалады. Бірден елдеріңізге барғың келеді. 

Фотокөрмеде Шарын шатқалы мен әсем астанамыздың, кең байтақ дала мен жылқы үйірлерінің суреттері қойылған. Келушілер Қазақстанға саяхаттағандай әсерде қалып, елімізді жақынырақ тануға мүмкіндік алды.

Маттиас Люттенберг, ГФР СІМ Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық сауалдары жөнінде уәкілі:

- Көрме маған өте ұнады. Әсіресе музыка мен әртістеріңіздің шеберлігіне тәнті болдым. Берлинде қазақ музыкасын тыңдау керемет қой. Олар бізге Қазақстанның бір бөлігін сыйлады. Өкінішке қарай, әлі еліңізде болған жоқпын, бірақ барғым келеді. Қазақстанның барлық тұрғынын ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймын! Бұл кезеңде елдеріңіз қатты өзгерді. Сіздерге тек гүлдене беруді тілеймін!

Қазақстанға арналған көрме Берлинде екі апта бойы өтеді. Осыдан кейін ұйымдастырушылар инсталляцияны Франкфурт және Мюнхен тұрғындарына да ұсынбақ.