«Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы бекітілді
Енді ауыл-аймақтардағы кәсіпкерлерді қолдайтын тағы бір
тетік пайда болды. Үкімет бүгін «Іскер
аймақ» бағдарламасын таныстырды. Ол ауылдарда және моноқалаларда шағын және
микробизнесті дамытуға бағытталған. Бұған жыл сайын бюджеттен 400 млрд теңге
қаржы бөлінеді. Оны алу үшін не істеу керек? Қандай шарттары бар?
Жыл сайын 400 миллиард теңге. Ауылда азын-аулақ кәсіппен
айналысып жүргендер де оны алуға қақысы бар. Банктердің де шарты жеңіл. Бір
жобаға 200 миллион теңге бере алады. Жылдық мөлшерлемесі 9 пайыздан төмен. Үш
жылда төлеп құтыласың. Кәсіпкердің қолында кепілі болмаса, «Даму» қоры қарыз
сомасының 85 пайызына дейін кепілдік береді.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ұлттық
экономика министрі:
- Бағдарлама ауылдағы шағын кәсіпкерлікті дамытуға
бағытталған. Бұл тізімге шағын наубайханалар, жиһаз цехтары, құрылыс
материалдарын өндіру және өзге де сұранысқа ие бағыттар кіреді. Өндірістерді
тиімді іске қосу үшін сервистік сүйемелдеу мен салалық онлайн-оқыту енгізіледі.
Бұл ретте «Ауыл аманаты» және «Бір ауыл — бір өнім» жобаларының қатысушыларына
басымдық беріледі.
Бағдарлама қолданыстағы жобаларды біріктіреді. Мысалы, «Ауыл
аманаты» жобасы бизнесті нөлден бастауға көмектессе, «Іскер аймақ» оны
кеңейтуді және жаңа нарықтарға шығаруды көздейді. Осылайша, елдімекендерде
индустриялық аймақтар мен өндірістік алаңдар құрылады.
Нұрсұлтан Шоқанов, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының м.
а.:
- «Бір ауыл - бір өнім» және «Ауыл аманаты»
бағдарламалары аясында қазірдің өзінде 10 мыңнан астап кәсіп иесі біліктілігін
арттырды. Бұл әсіресе ауылды жерлер мен моноқалаларда тұратын азаматтар.
Олардың барлығы кәсіп бастаудың алғашқы шарттарын меңгерді.
Айтпақшы, кәсіпкерлер бағдарламаға қатысу үшін
мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырмайды. Барлық жұмыс
автоматтандырылған. Еgov.business және Damu Online порталдары арқылы өтінім
беруге болады. Сондай-ақ, алыс ауылдағы ағайынға да алаудауға негіз жоқ. Ол
үшін арнайы кеңес беру және құжат қабылдау мобильді кеңселер жұмыс істейді.
Сонымен қатар, мемлекет шағын бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені де
жеңілдетіп отыр.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ұлттық
экономика министрі:
- Біз шалғай ауылдардың барлығында Интернет бола
бермейтінін түсінеміз. Осыған байланысты консультация берудің және ақпараттық
сүйемелдеудің көшпелі форматы енгізілетін болады. Осы мақсатта консультациялық
қызметтер көрсету үшін қажетті жабдықтармен және байланыс құралдарымен
жарақтандырылған мамандандырылған мобильді офистерді сатып алу жоспарлануда.
«Іскер аймақ» құр көпіріп қоя салатын жоба емес, ауылдық
жерлер мен шағын қалалардағы бизнес өкілдерінің сұраныстарына дер кезінде жауап
беретін бірыңғай жүйе, - дейді Үкімет басшысы. Себебі, елді дамыту үшін алдымен
ауылдың абыройын арттыру керек. Ал, ауыл – кәсіпкерлік кең көсілсе ғана
өркендейді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Аталған бағдарламаға сәйкес біз жай ғана субсидия бөлу әдісінен, өңірлердің ортақ жауапкершілігі моделіне көшеміз. Біздің мақсатымыз – тек несие беру емес, тұрақты өндірістер құрып, өнім шығару көлемінің нақты өсімін қамтамасыз ету.
Айта кетейік, бағдарлама 2026-28 жылдар аралығында жүзеге
асады. Субсидияны екі деңгей арқылы беру көзделген. Біріншісі – Абай, Ұлытау,
Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары үшін бюджеттің 30%-ына
дейін субсидия бөлінсе, 70 пайызы қалған өңірлердің еншісінде. Келер жылы
шамамен 24 млрд теңгеге 5 мыңнан астам жобаны қолдау міндеті тұр.

