Қ. Тоқаев: Ауғанстандағы жағдайды бақылауда ұстау керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауған еліндегі ахуалға байланысты екінші рет жиын өткізді. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында Президенттің баспасөз хатшысы мәлім етті. Шарада Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы мекемелерге Ауғанстандағы жағдайды жан-жақты бақылауда ұстау керектігін және Қазақстанның ұлттық мүддесін ескере отырып, шұғыл әрекет ету қажеттігін ескертті. Сондай-ақ Ауғанстан Ислам Республикасындағы азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де сөз етілді.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, онда дипломаттардан басқа Қазақстан азаматтары жоқ. Ал Қазақстан Елшілігі Кабулда өз жұмысын жалғастыруда.

Ауған еліндегі тұрақсыздық әлем назарын Орталық Азияға  аударды.  Саясаттанушы Сұлтан Әкімбековтың айтуынша, ахуал алаңдатарлық болғанымен, аймаққа «босқындар ағылып келеді» деуге еш негіз жоқ.

Сұлтан Әкімбеков, саясаттанушы:

- Орталық Азия аймағына қатысты босқындардың жағдайын Ауғанстанның ішкі мәселесі тұрғысынан қарастыру керек. Талибан соңғы айда Орталық Азия елдеріне шығатын барлық шекаралық аумақты басып алды. Яғни бұл – тәліптер ішкі аудандарды да бақылайды деген сөз. Сондықтан босқындар нөпірі ағылады дегенге еш негіз жоқ. Өзбекстан аумағына Хайратон арқылы ауған әскері өтпек болғанын көрдім. Бірақ өзбек тарапы бұған жол берген жоқ. Олар бұл мәселені реттедік деп ресми түрде де мәлімдеді.