Мәжіліс Каспий теңізіндегі шекараларды бекітетін алғашқы заң жобасын мақұлдады

Каспий теңізінің жағалауындағы мемлекеттер арасындағы шекараны заңды түрде бөлетін алғашқы құжат бекітілді. Мәжілістің жалпы отырысында мақұлданған тарихи құжатта Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы аумақтық сулар және балық аулау аймақтарын бөлетін сызық анықталды. Бұл алдымен қос елдің теңіз түбін бөлуге қатысты даудың туындауына жол бермей, теңіздің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Сонымен қатар, жер қойнауын пайдалануға және су биологиялық ресурстары кәсіпшілігіне егеменді құқықтарды іске асыру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді. Еске салайық, бұл шартқа қос ел Президенті былтыр 25 қазанда Ашхабад қаласында қол қойды.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Шарттың ратификациялануы және күшіне енуі оңтүстік межелерде Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын делимитациялау үдерісін толық аяқтауға мүмкіндік береді. Түрікменстан тарапы аталған шартты биыл 17 сәуірде ратификациялады. Аталған заңды қабылдау Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына қайшы келмейді және оны өзгертуді қажет етпейді.