Президент елордадағы бірқатар нысанды аралады

Президент елордадағы бірқатар нысанды аралады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдан Астанаға көшірілген Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің жаңа ғимаратына барды. Бұл ел тарихына қатысты құжаттар сақталатын орын ғана емес, білім және ғылыми-әдістемелік кешен ретінде қызмет көрсететін Орталық Азиядағы алғашқы архив болмақ. Мәдениет нысанында Қазақстанның 1918 жылдан бергі саяси тарихына қатысты құжаттардың мол қоры жинақталған. Мұндағы 24 мұрағат қоймасы қағаз жүзіндегі құжаттарды, дыбыстық-бейнелік жазбаларды сақтауға, сондай-ақ шағын таспалардағы және электрондық құжаттарды сақтандыру қорын орналастыруға арналған.

¤¤Президент қайта жөндеуден өткен Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне де барды. Оқу орнында атқарылған істермен танысты. Жаңғырту жұмыстарынан кейін бас ғимараттың көлемі 10 мың шаршы метрге ұлғайған. Нәтижесінде жаңа арнаулы аудиториялар ашылды. Мұнда ауқымды іс-шаралар өткізетін 1100 орындық үлкен концерт залы, камералық зал, дайындық студиялары, студенттер мен суретшілердің туындылары қойылатын көрме галереялары бар. Айта кетейік, таланттар ұстаханасына өткен жылы Президенттің тапсырмасымен әйгілі әнші Күләш Байсейтованың есімі берілді.