Қ.Тоқаев «Nur Otan» партиясының төрағасы болып сайланды

Қ.Тоқаев «Nur Otan» партиясының төрағасы болып сайланды

Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының төрағасы болып сайланды. Партия мүшелері Президенттің кандидатурасын бірауыздан мақұлдады. Кезектен тыс съезге 400-ге жуық делегат қатысты. Үкіметтің былтырғы жыл қорытындысы бойынша, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы 74% пайызға орындалған. «Партияның өміршеңдігі сайлауалды бағдарламада қамтылған уәденің орындалуына тікелей байланысты. Халыққа уәдені үйіп-төгудің қажеті жоқ», – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет және әкімдіктермен бірлесіп сайлауалды бағдарламада қамтылған міндеттердің орындалуын қайта қарап шығуды тапсырды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Алматыдағы қақтығысқа қатысып, қазір тергеліп жатқандардың ісіне қатысты пікір білдірді. Президент тергеулерді өзінің жеке бақылауына алмақ. «Құзырлы органдар кінәлі адамдарды анықтап, жауапқа тарту үшін тергеу жүргізуде. Бұл жұмыс тек заң аясында жүзеге асырылатынына күмән болмауы тиіс. Бәрі Бас Прокуратураның және менің жеке бақылауымда болады. Адам құқығын міндетті түрде сақтаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.