Қ.Тоқаевтың Германияға ресми сапары

Қ.Тоқаевтың Германияға ресми сапары

Қазақстан мен Германия мұнай-газ химиясы, металлургия, көлік және логистика секілді перспективті салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша күш-жігерді жандандыруға ниетті. Бұл келісімдерге мемлекет басшысының Германияға ресми сапары барысында қол жеткізілді. Келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Федералдық канцлер Олаф Шольц сауда-экономикалық, инвестициялық, жасыл энергетика және басқа да салалардағы ынтымақтастықты жандандыруға келісті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы шикізатты игеру бойынша консорциум құруды ұсынып, Қазақстанның неміс бизнесінің ішкі нарықта орын алуына барлық қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге дайын екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
-Германия – Қазақстанның Еуропа Одағындағы стратегиялық серіктесі, әсіресе өзара сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстар жолға қойылған. Мен жүргізілген келіссөздердің нәтижесіне жоғары баға беремін. Ол қазақ-герман қатынастарын одан әрі нығайтуға екі тараптың ниетті екенін тағы да растады. Қазіргі жағдайда Қазақстан мен Германия екі елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ісіне барынша прагматикалық тұрғыдан қарауы керек. Ол үшін біздің саяси ерік-жігеріміз бен орасан зор экономикалық әлеуетіміз бар.

Президент Қазақстан тарапының жетекші еуропалық компаниялармен қол жеткізген уағдаластықтарын жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
-Бүгінгі кездесу қарсаңында Siemens Energy, Linde және тағы да басқа негізгі серіктестермен маңызды коммерциялық келісімдерге қол қойылуын құптаймын. Бұл құжаттар мемлекеттеріміз арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға тың серпін береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласындағы кооперацияны дамытуды басты басымдықтардың бірі ретінде атады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Транскаспий көлік бағдарының транзиттік қуатын арттыру, сондай-ақ оны Трансеуропалық көлік желісімен және Global Gateway бастамасымен ұштастыру үшін бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді. Бұдан бөлек агроөнеркәсіп секторындағы, қаржы, инновация, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайту үшін мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.