Қаңтар оқиғасына қатысқан 349 күдікті қамауда отыр

Қаңтар оқиғасына қатысқан 349 күдікті қамауда отыр

Ғимараттарды қиратуға, оларды өртеуге, қаруларды жымқыруға, сондай-ақ мемлекеттік нысандар мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасауға белсенді түрде қатысты деген 349 күдікті қамауда отыр. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлім етті. Оның айтуынша, әрбір қамауға алынған адам бойынша олардың қылмыстарға қатыстылығы туралы жеткілікті мәліметтер бар.

Елдос Қилымжанов, Бас прокуратураның 1 қызмет бастығының орынбасары:

– Бүгінгі күні 8 өңірде 30 мыңнан астам тергеу әрекеттері жүргізілді. 4000 мыңнан аса сот сараптамалары тағайындалды. Барлығы қаңтар оқиғалары бойынша сотқа 479 қылмыстық іс жолданып, олар бойынша 545 адам сотталды. Нақты бас бостандығынан айыру жазасын билік өкілдеріне қатысты күш қолданған, мүліктерді зақымдауға байланысты ауыр қылмыстарды жасағандар, сондай-ақ залалды өтемеген және өтелмеген соттылығы бар 83сотталушы бар.

Сондай-ақ, ел ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қаралы қаңтар кезінде қолды болған 343 млн теңгеден астам соманың жеке меншік мүлкі табылып, тәркіленген. Оның ішінде 12 автокөлік, 317 тұрмыстық техника, 189 зергерлік бұйым, 386 ұялы телефон, 550-дей әртүрлі киім-кешек, 16 млн теңгеден астам ақшалай қаражат және тағы басқалары бар. Министрлік өкілінің айтуынша, бүгінде жаппай тәртіпсіздіктер барысында ұрланған қаруды іздеу бойынша жұмыс әлі де жүргізілуде.