Қарағанды облысы туристерге несімен қызық?

Былтыр Қарағанды облысы 360 мыңнан астам турист, оның ішінде 16 мыңға жуық шетелдік саяхатшыны қабылдады. Биыл көрсеткіш бұдан да жоғары болуы ықтимал. Себебі демалыс және көпшілік орындарының саны жыл санап көбейе және түрлене түсуде.

Жеңіс Ермұқанов, тілші:

- «Қайда, қайда? Қарағандыда!» жер-жаһанға тараған бұл қанатты сөз әлемде алғаш болып орнатылған ескерткіш Гиннестің рекордтар кітабына енген. Шахтерлер қаласы туристер үшін несімен қызық? Біз мұны анықтау үшін шаһардың көрікті жерлерін аралайтын боламыз.

Қарағандымен танысуды мұражай-шахтадан бастаған жөн. Жергілікті сала мамандары берген кеңесін алға тартып, алдымен осы жерге ат басын бұрдық. Мұнда бас сұққан әр адамға ел кіндігіндегі көмір алқабының тарихынан сыр шертетін жәдігерлер ұсынылып, қатты отын өндірісі индустриалды қала құрылысына негіз болғаны баяндалады. 

Мария Брезицкая, гид-экскурсовод:

- Бұл жерге көмір өндірісіне қызығушылық танытатын немесе осы салада мамандандырылған шетелдік туристердің шағын топтары келіп тұрады. Сондай-ақ біздің жиі қонақтарымыздың қатарында бұл саламен байланысы жоқ студенттер мен жиһангездер кезігеді. Көбіне қала тарихын білгісі келетін саяхатшылар келеді. Біз меймандарымызға экскурсияларды ағылшын тілінде жүргіземіз.

Әлі күнге дейін бұл кәсіп өңір өндірісінің негізгі қозғаушы күші. Қауіпсіздік шараларына байланысты шахталардың өзіне бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынған. Ал, бұл жерде нағыз шахтер кейпіне енудің жағдайы жасалған. Жер асты мұражайы 15 метр тереңдікте орналасқан. Алайда қонақтарға ол туралы айтылмайды. Арнайы тор бұдан да үлкен тереңдікке түскендей әсерге бөлейді.

Музей деген аты болмаса, 100 шаршы метрлік шахта кеншілердің шынайы жұмыс орнынан еш айырмашылығы жоқ. Барлық құрылыс материалдары, еңбек құрал-жабдықтары мен арнайы техникалар қызмет етуге жарамды. Бұндағы үлгілердің дені әлі де өндірісте қолданылады.    

Кейін облыстық экологиялық мұражайға соғып, кенішке бай аймақтың жер қойнауынан табылған өзгеде табиғи миниралдардың түр-түрін тамашаладық. Менделеев кестесінің барлық дерлік элементін еліміздің бір ғана өлкесінен  табуға болатыны ерекше атап өту керек. Қазыналы өлке топырағынан Әлихан Бөкейхан, Сәкен Сейфуллин, Нұркен Әбдіров, Қасым Аманжолов сынды халық қамы үшін басын бәйгеге тікен ұлт зиялылары, орақ тілді шешендер, ел бастаған көсемдер мен қол бастаған батыр тұлғалар түлеп ұшқан. Жергілікті ғалымдар Ұлы Абайдың да осы өңірімен ерекше байланысы барын айтады. 

Темірлан Серік, Қарағанды облыстық өлкетану мұражайының кіші ғылыми қызметкері:

- Абайдың туған жері кезінде Қарқаралы уезіне қарасты болған екен. Кейіннен Семейге өткен деген деректер кезігіп жатады. Сондықтан біз сол тарихи деректердің негізінде Абайды қарағандылық, өзіміздің жерлесіміз ретінде есептей аламыз. Сол сәтті дәлелдейтін құжаттарды біздің өлкетанушілар зерттеп жатыр. Бала кезінде көп уақытын осы Қарқаралыда өткізген болатын. Онда Халиолла Бекметов деген атақты көпестің үйі орналасқан. Құнанбайдың отбасы сол үйге жиі тоқтаған. Оның ішінде Абай бар. Көптеген өлеңдерін Абай осы Қарқаралыда жазды. 

Саяхат кішкентай қонақтар үшін де қызықты болары сөзсіз. Қазақстандағы жалғыз балалар пойызы Қарағандыда сонау 1956 жылдан бері жұмыс істейді. Темір жол қаланың ең көрікті аудандары арқылы қатынайды. Хогвартс-экспресс үлгісіндегі станцияда жолаушыларға оқушылардан құралған жас теміржолшылар қызмет етеді