Қазақстандықтар биометрия арқылы құжаттарға қол қоятын болады

Сандық электрондық қолтаңбаны алу мен оны қолдану жеңілдей түседі. Енді оны бұлтты сервистің көмегімен биометриялық мәліметтерді қолдану арқылы жасауға болады. Бұл әдеттегідей файлдық жүйе болмайды. Бұдан былай цифрлық қолтаңбаның өзі қашықтық серверде сақталады. Бұл жөнінде Үкімет өкілдері арнайы баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді. Жобаны жыл соңына дейін ендіру жоспарланған. Сала мамандарының айтуынша, биометриялық мәліметтердің негізінде жұмыс жасайтын заманауи жүйе «eGov» мобильді қосымшасында тіркеуден өтіп іске қосылды.

Айта кетейік, былтыр 5 миллионға тарта азамат электрондық қолтаңба алған.

Сүйеніш Әбділдин, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Биометриялық сәйкестендіру арқылы электрондық қолтаңба деректері шығады. Бұдан бұлай цифрлық қолтаңбаны төлқұжатта, флешкада өзіңмен бірге алып жүру немесе компьютерде сақтау қажет болмайды. Азаматтардың көбі оны өзімен алып жүріп, жиі жоғалтып жатады. Кейін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп оны қалпына келтіруіне тура келетін. Енді оның бәрі қашықтан сақталатын болады. Биометриялық деректерді растау арқылы сандық қолтаңба автоматты түрде шығып, құжатқа қол қойылады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов