Қарағандыда оқушылар мен студенттерге арналған «Business start» байқауы өтті

Қарағандыда оқушылар мен студенттерге арналған «Business start» байқауы өтті

Қатысушылардың бірі-16 жасар Айша Қуантай. Мектеп оқушысы қосымшаға арналған бағдарлама ойлап тапты. Ойын сыныптасымен бірге іске асырып, өндірістік үлгісін жасап шығарған. Жас әзірлеушілердің қолынан шыққан арнайы  қондырғылар топырақтың ылғалдылық деңгейін бақылайды. Мөлшерден аз болса автоматты түрде сумен қанықтырады. Яғни, құрылғы арқылы орнатылған әр аумақтың көлеміне қарай ылғал деңгейін реттеу мүмкіндігі бар. Жалпы, бұл тың жоба бойынша қос дарынды шәкірт екі жыл бойы жұмыс жасаған.

Айша Қуантай, Қарағанды,  10 IT-мектебінің оқушысы:

- Біз бөлмемізде, жалпы үй ішінде таза ауа болғанын қалаймыз.  Айналамыз толған зауыт, сондықтан терезені ашып бөлмелерді желдете алмаймыз. Ауа лас. Сондықтан үй өсімдіктерін, гүлдер егеміз. Оларды автоматты түрде суару үшін осы жүйе қажет. Сол кезде гүлдеріміз жақсы өседі.

Ал Глеб Маркашовтың  әзірлемесі тіпті  еуропалық байқауда тап жарған. Ол ғимарат ішінде никотинге тәуелді құқық бұзушыларды анықтаудың бірегей шешімін ұсынады. Қазір ол қазақстандық қызметтер нарығында да өз идеясын ілгерілетуге ниетті. Айта кетейік, дәсүрлі байқау биыл жаңа форматта өтті. Бұл жолы өңір  студенттері мен оқушылардың жобалары бірге қаралды. Барлығы  29 бастаманың мүмкіндігі сыналды.

Асхат Кәкетаев, «Сарыарқа дарыны» орталығы директорының міндетін атқарушы

- Әр қатысушыға өз жобасын қорғауға 5 минутқа дейін уақыт беріледі. Оларды Қазағанды университеті мен кәсіпкерлерден құрылған тәуелсіз қазылар алқасы бағалайды. Кәсіпкер қызығушылық танытқан кез-келген жобаны өз қызметінде пайдалана алады. Яғни,  болашақта осы жобаларды жүзеге асырып, олармен бірге жұмыс істейді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауда таныстырылған жобалар бизнес қауымдастық пен кәсіби менторлардың қолдауымен әрі қарай жетілдірілетін болады.