Кәсіпкерлерге қысым көрсеткен топ құрықталды
Шымкентте кәсіпкерлерге қоқан-лоқы көрсетіп, оларды үрейде ұстап келген қылмыстық топ құрықталды. Қаскөйлер қамқорлығы үшін кәсіп иелерінен қомақты қаржы талап еткен. Көнбегендерін ұрып-соғып, моральдік қысым жасаған. Осы іске қатысы бар 35 фигурант анықталып, ішкі істер органдарына жеткізілген. Жалпы жыл басынан бері қалада ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар 10-нан астам топ ұсталды. Тінту шаралары жүргізіліп,қару-жарақ пен оқ-дәрі де тәркіленген. Қылмыстық топтардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесу бойынша кешенді жұмыс әлі де жалғасып жатыр.
Қуандық Алпыс, ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі:
– Жыл басынан бері Шымкент қаласында қылмыстық топтардың жолын кесу барысында 30-дан астам атыс және травматикалық қару, оның ішінде бір Калашников автоматы, 15 шолақ мылтық, 11 тапанша, екі винчестер және мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Өңірлерде «заң және тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету бойынша жұмыс ерекше бақылауда.

