Қазақстан мен Ұлыбритания геологтары ынтымақтастық туралы келісімге келді

Қазақстан мен Ұлыбритания геологтары ынтымақтастық туралы келісімге келді

Қазақстанда палеонтология, минералогия және кристаллография бағытында жаңа мамандықтар пайда болуы мүмкін. Астанада өткен отандық геологтардың бірінші форумында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты тиісті комитет төрағасы Ерлан Ақбаров саланы дамыту бойынша ұсыныстар айтты. Оның айтуынша, тереңде орналасқан кен орындарын игеру үшін жаңа тәсілдер мен технологиялар қажет. Бұл ретте съезде мамандар іргелі ғылыми зерттеулер мен жұмыстарды жүргізудің маңыздылығына тоқталды. Осы мақсатта республикада бұл салаға тың серпін беретін жеке орган, яғни консультативтік кеңес құру ұсынылды. Ол мемлекеттік деңгейде жер қойнауын геологиялық барлау мәселелерімен айналысады. Сондай-ақ жиын барысында толыққанды ұлттық геологиялық қызметті дамытуға басымдық берілді. Әрине, бұл жерде  алдыңғы қатарлы шетелдік мамандардың тәжірибесі пайдалы болары сөзсіз. Осы мақсатта отандық геологтар форумда қол қойылған меморандум аясында британдық әріптестерімен озық тәжірибелерді енгізу туралы ақпаратпен бөлісетін болады.

Ерлан Ақбаров, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геология комитетінің төрағасы:
-Бүгін біз ұзақ уақыт бірлесіп жұмыс істеп жүрген британдық геологиялық қызметпен меморандумға қол қойдық. Құжат бізге сирек жер металдарын барлайтын технология, білім және мамандардың өзара тәжірибе алмасуы арқылы геологиялық саланы дамытуға мүмкіндік береді. Халықаралық ынтымақтастық отандық геология саласының дамуына серпін болады деп ойлаймын.