Каспий жағалауында сенбілік өтті

Каспий жағалауында сенбілік өтті

Ақтауда сүңгуірлер Каспий теңізінің түбін қоқыстан тазалады. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бұл жолы ерекше форматта ұйымдастырылды. Тазалық шарасы аясында  теңіз жағасына ағаш үйлер тігіліп, қатысушыларға ыстық шай мен ас ұсынылды. Ал, өнерлі тұрғындар қолына домбырасын ұстап, күй мен жырдан шашу шашып, жастар жағы ән шырқап, шараның шырайын келтірді.  Тазалық шарасына ала таңмен таласа келген тұрғындар көп болды. Бұл жолғы экоакцияға әскери-теңіз күштерінің сүңгуір қызметі де жұмылдырылды. Олар 10-15 метр тереңдікке дейін сүңгіді. Жалпы су астындағы 250 шаршы метр аумақтан 12 қап қоқыс жинады.

Сайран Әбдікәрімов, сүңгуір:

– «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, Каспий теңізінің жағалауын қоқыстан тазалап жатырмыз. Жалпы осындай акция жиі болып тұрады. Қатысып тұрамыз. Өз үлесімізді әскери-теңіз күштері атынан қосуға әрқашан дайынбыз. Судың астында бутыль, пластмасса сынды қоқыстар жатады. Адамдардың қолданған заттары, соларды біз тазалаймыз.

Эко акцияға полицейлер, депутаттар мен спортшылар, сондай-ақ, дәрігерлер мен кәсіпкерлер де атсалысты. Олар жағалаудағы қураған қамысты орып, сәулет мүсіндерін сырлады.

Бақытжан Байбаттыров, кәсіпкер:

– Ұжымымыз үшін қаламыздың тазалығы өте маңызды. Сол себепті, Президенттің «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, облыс әкімшілігінің қолдауымен «Таза Қазақстанды» қолдауға шықтық. Шамамен 40 адам болып шықтық. 

Еңбек мерекесінде ағаш үйлер тігіліп, тұрғындар үшін ыстық шай мен ас ұсынылды. Спорттық шаралар да ұйымдастырылды. Дала сахнасында концерттік бағдарлама өтті. Жалпы экологиялық акцияға облыс бойынша барлығы 3000-нан астам адам қатысып, 300 тонна қоқыс шығарылды. 100-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды.