Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумына қатысады

Қаңтар оқиғалары, саяси реформалар және «Жаңа Қазақстан». Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумы қарсаңында “Россия 24” телеканалына берген сұхбатында осы тақырыптарды қозғады. Әңгіме басында ел жетекшілігіндегі үш жылдық қызметінің аралық нәтижесін шығарып, осы уақыт ішінде ел халқының қолдауына сүйенгенін атап өтті. Өзі бастамашы болған саяси реформалардың маңызды жалғасы 5 маусымда өткен референдум болғанын айтты. Қазақстандықтар суперпрезиденттік басқарудан мықты парламенті бар президенттік жүйені қолдайтындарын білдірді, деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қоғам жаңаруды қалап отыр. Жаңашылдыққа дайын. Сондықтан ел басқару жүйесін өзгертуді ұйғардық. Біз енді ықпалды парламенті бар, үкіметі елге есеп беретін президенттік республика боламыз. Бұл формуланы мемлекет басқармай тұрғанда ұсынған едім. Енді соны жүзеге асыратын кез жетті.