Қазақстан Ауғанстанда теміржол салады
Қазақстан Ауғанстанда теміржол құрылысына атсалысады. Қазір меморандумға қол қойылған. Құжат аясында Тургунди – Герат бағыты бойынша жаңа шойын жол салу келісімі жасалады. Қазақ тарапы рельс, шпалдар және бекіткіштермен қамтамасыз етуге дайын. Жаңа бағыт елдер арасындағы тауар айналымын ұлғайтуға әрі «Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан» мультимодальды дәлізін кеңейтуге мүмкіндік бермек. Ал «Тургунди – Герат – Кандагар – Спин – Булдак» теміржол магистралі Түрікменстанның батыс шекарасынан Ауғанстан арқылы Пәкістанға, одан әрі Үндістанға өтеді. Бұл бағыт Қытай, Ресей және Беларусьтен жаңа транзиттік жүктерді тартуға жол ашады.
Қазіргі таңда «Болашақ» шекара өткелі арқылы жылына 8 миллион тонна жүк тасымалданады. Жыл басынан бері арадағы алыс-беріс 383 мың тоннадан асқан. Еліміздің ұн экспортының 60-70 пайызы Ауған еліне тиесілі. Бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстан Ауғанстанға автокөліктер сататынын айтқан.