Қазақстан бойынша КҚК арқылы мұнай тасымалдау көлемі 72,5 млн тоннаға дейін жеткізіледі

Каспий құбыр консорциумын мұнай құбырының өткізу қабілеті тағы кеңейтіледі. Магистраль арқылы Қазақстан бойынша тасымалданатын мұнайдың көлемін жылына 72,5 миллион тоннаға дейін жеткізу межеленіп отыр. Қазіргі уақытта Теңіз-Новороссилік құбыр жүйесінің жылдық қуаты қара алтынның 67 миллион тоннасын өткізуге қауқарлы. Жақында Қазақстан, Ресей, АҚШ, Италия, Ұлыбритания акционерлері халықаралық магистраль жұмысының ағымдағы мәселелерін қарастырды. Компания өкілдерінің айтуынша, бүгінгі таңда құбыр жүйесінің кедергілерін жою бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте 2019 жылдың жазында басталған іс шаралар келесі жылдың соңында аяқталуы тиіс. Нәтижесінде құбырдың Қазақстан арқылы өткізу қабілеті жоғарыда аталған көрсеткішке және Ресей аумағы арқылы арқылы 83 миллион тоннаға дейін жеткізілетін болады. 15 қарашадағы жағдай бойынша теңіз терминалында мұнай жөнелтілімі 49,8 миллион тоннаны құрады. Жыл басынан өткен айдың ортасына дейін 448 танкер тиелді.