Қазақстан БҰҰ-ның ядролық қарусыздану жөніндегі конференциясына қатысты

Қазақстан БҰҰ-ның ядролық қарусыздану жөніндегі конференциясына қатысты

Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құруға талпынысы өзгеріссіз қала береді. Бұл туралы еліміздің Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ қарусыздану жөніндегі конференциясында мәлімдеді. Сондай-ақ мемлекетіміз жойқын қаруды таратпау туралы келісімді толықтыратын ядролық қаруға тыйым салу келісімшартын жүзеге асыруға белсенді қатысып келетінін атап өтті. Сыртқы саясат ведомствосының басшысы ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияны БҰҰ Бас Ассамблеясы 2021 жылдың желтоқсанында рекордтық дауыспен қабылдағанын баса айтты.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

- Қазақстанның ядролық қарудан азат әлем құру жөніндегі бастамасын көп ел қолдады. Өткен жылдарға қарағанда дауыс бергендер саны көп. Бұл құжаттың басты өзегі – ядролық қаруы бар елдер мен оны иеленуге күш салып жатқан мемлекеттерді жойқын қарудан бас тартуға шақыру.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастамасының жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Сонымен қатар Женевадағы халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесуде тараптар келешек ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Оның ішінде Женевадағы БҰҰ бөлімінің басшысы Татьяна Валовамен Алматыдағы БҰҰ орталығында Орталық Азия мен Ауғанстандағы аймақтық жобалардың жүзеге асырылуын қарастырды.

Татьяна Валовая, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры:

- Қазір Қазақстанның жұмылып әлеуметтік-экономикалық дамуға баса көңіл бөліп жатқанын көріп отырмыз. Қазақстан халқына экономикалық, саяси және әлеуметтік тұрғыда одан әрі дамуына тілек білдіреміз. Біз қазір Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуының мерейтойын да атап өтіп жатырмыз. Бұл өте маңызды. Себебі Қазақстан осы жылдар ішінде халықаралық беделге ие мемлекетке айналды. Көп мәселеде тығыз бірлесіп әрекет етіп келеміз. Келешекте де ынтымақтастығымыз жалғаса беретініне сенімдіміз.

Тараптар ДСҰ-ның бас директорымен 12-ші министрлер конференциясына дайындық барысын талқылады. Кездесу еліміздің төрағалығымен 13 маусымда Женевада өтеді. Сондай-ақ БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының бас хатшысы Ребекка Гринспанмен бірлескен жобаларды сәтті жүзеге асыру мәселелері талқыланып, алдағы жоспарлар белгіленді.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

- Бізде Қазақстанда ЮНКТАД-тың тауарлардың кеденнен өтуі, қазақстандық тауарлардың экспорты мен импорттаудағы ортақ терезе сияқты жобалары жемісті жүзеге асырылып жатыр. Қазір ЮНКТАД хатшылығымен серіктестігіміз артты. Өйткені Сыртқы істер министрлігі тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға жауапты. Шетелдік инвесторлардың біздің экономикамызға кіруінің ортақ жүйесін құру туралы жобаны талқылап жатырмыз.

Екіжақты кездесу барысында Дүниежүзілік экономикалық форумның президенті Борге Бренде қазақстандық тарапқа Қасым-Жомарт Тоқаевты Давос саммитінің жыл сайынғы отырысына қатысуға ресми шақыруын жеткізді. Ол мамырдың үшінші онкүндігінде өтеді.