Қазақстан экономикасы қаңтарда 3,9% өсті

Қазақстан экономикасы қаңтарда 3,9% өсті

Биылдың алғашқы айында Қазақстан экономикасының өсімі 4%-ке жуықтады.  Оның ішінде нақты сектор - 3,8% , ал қызмет көрсету саласы - 3,5%-ке артқан.


Бұл реттегі салалар арасындағы ең жоғары қарқынды құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі көрсетті. Елдің құрылыссына салынған инвестициялар екі есеге ұлғайса, білім беру бағытына құйылған капитал ағыны үш жарым еседен асты. Өңірлер арасында ең жоғары көрсеткіштер Жетісу, Ұлытау, Жамбыл мен Алматы облыстарында байқалды. Еліміздің Ұлттық экономика министрі Үкіметтің кезекті отырысында осындай деректермен бөлісті. Нұрлан Байбазаров былтырғы сыртқы саудаға қатысты алдын ала қорытындылары жөнінде де баяндады. Жалпы 2023-ші жылы өзге елдермен тауарайналым 140 млрд доларға таяп қалған. Оның 79 млрд доллары отандық экспорттың үлесіне тиесілі. Оң сауда балансы америкалық валютада 18 млрд долларға жуықтады.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

 

- Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 6,9% өсті. Көрсеткіштің өсуі 14 өңірде тіркелді. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі 18% жуық, оның ішінде: автомобиль жасаудың – 30% және электр жабдықтарын жасаудың 44%-дан аса өсуі қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, өсу келесі салаларда байқалып отыр: металлургия өндірісі – 12%, химия өнеркәсібі – 40%, металл бұйымдары – 18%, жеңіл өнеркәсіп – 3,5%, фармацевтика өнімдері – 1,4% және жиһаз өндірісі – 5,4%. Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 0,2% жоғарылады.

Бейінді министрліктің ақпаратына сәйкес, осы жылдың басынан бері тұрғын үй құрылысы қарқын алған.  Өткен айдың ішінде 1 млн шаршы метрден аса баспана  пайдалануға берілді. Ең жоғары көрсеткіш Астана қаласында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында тіркелді. Ал барлық 7 экономикалық көрсеткіш бойынша оң өсу 3 өңірде: Қызылорда және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында байқалды.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Біз биылғы жылы экономиканың өсуін 6% деңгейінде қамтамасыз ету әлеуетін талдадық.  Экономика секторларында анықталған резервтерді ескере отырып, мақсатқа қол жеткізуге болады. Жалпы ішкі өнімнің өсуіне қосымша үлес қоса алатын негізгі резервтер өңдеу өнеркәсібінде, құрылыста, көлік қызметтерінде және ауыл шаруашылығында бар. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқынын ұлғайтуға 2024 жылы жоспарланған жаңа инвестициялық  жобаларды уақтылы енгізу есебінен қол жеткізуге болады.