Неміс компаниялары Қазақстан экономикасына 6 млрд долларға жуық инвестиция құйған

Неміс компаниялары Қазақстан экономикасына 6 млрд долларға жуық инвестиция құйған

Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналым 25%-ке өсіп, 2,8 миллиард долларға жетті.Бұл туралы Астанада өткен Қазақстан-Германия бизнес-форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Қазір елдердің инновация саласында өзара әрекеттесуінің үлкен мүмкіндіктері бар. Оның үстіне Қазақстан Еуразиядағы өңірлік цифрлық орталыққа айналуға ұмтылуда. Президент отандық стартаптар мен зерттеулердің еуропалық серіктестерді тартатын озық жетістіктері бар екенін атап өтті. Сонымен қатар көлік және логистика салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытудың келешегі зор.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан Еуразияның жүрегінде орналасқан. Мұның стратегиялық мәні зор. Қытай мен Еуропа арасындағы барлық құрлықтық жүк тасымалының 80 проценті біздің еліміздің аумағы арқылы өтеді. Қазіргі жаңа геосаяси жағдайда «Орта дәліздің» маңызы арта түсті. Бұл – Орталық және Шығыс Азиядан Еуропаға жүк тасымалдаудың ең қысқа әрі тұрақты бағыты. 2022 жылдан бастап Каспий дәлізі арқылы Еуропалық Одаққа мүше елдерге тасымалданатын жүк көлемі екі есе артты. Шығыс пен Батыс арасындағы ұлғайып келе жатқан сауда көлеміне қолдау көрсету үшін біз инфрақұрылымды жаңарту және кедергілерді жою жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біз қазақстандық порттардың өткізу мүмкіндігін 30 миллион тоннаға дейін арттыруды көздеп отырмыз.

Қазақстан-Германия университеттері ректорларының форумы тағы бір айтулы оқиғалардың бірі болды. Іс-шараға отандық жиырма бес және Германияның он бір техникалық университетінің өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы мұндай өзара іс-қимыл білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, нығайта түседі деп атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен Мемлекет басшысы ретінде бұл мәселеге айрықша мән беремін. Алдымызда ұзақ жол тұр. Дегенмен жолымыздағы барлық кедергіні сәтті еңсеретінімізге сенімдімін. Сондықтан біздің бұл бағыттағы міндеттеріміз айқын. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігіне анағұрлым белсенді болуды және бизнеске бағдарлануды тапсырдым. Мен жоғары технологияға басымдық беру қажет екенін үнемі айтып жүремін. Елімізде сапалы білім беретін университеттер жеткілікті. Алайда бізге сіздердің тәжірибелеріңіз керек. Германия көптеген елдің технологиялық дамуын ілгерілетуге септігін тигізетін технология саласындағы білім беру ісінде жетекші ел саналады

Еске салайық, жақын арада Ақтау қаласындағы Каспий мемлекеттік университеті жанынан Қазақ-неміс инжиниринг институты, Шығыс Қазақстан техникалық университетінің жанынан Қазақ-неміс ғылым және технологиялар институтын ашу жоспарланып отыр. Біріккен университеттер біздің елдегі адами капитал мен бәсекеге қабілеттілікті одан әрі жетілдіруге ықпал ете түседі.