Қазақстан геологиялық барлау саласындағы халықаралық әріптестікті күшейтеді

Геологиялық барлауға басымдық беру бұл болашаққа бағдарланған ауқымды жоспар. Мақсат айқын, ендігі міндет – Қазақстанның осы бағыттағы әлеуетін барынша кеңейту. Бұдан-былай «жаңа мұнай» деп бағаланған сирек әрі құнды металдардың қорын тауып, жаңа кеніштер ашуға ден қойылмақ. Еліміздің жер қойнауын зерттемес бұрын озық ғылыми тәсілдер пысықталуы тиіс. Осының қамында әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен қарым-қатынас орнату аса маңызды дейді,- сала мамандары. Мұндай ынтымақтастық жаһан көлемінде бәсекеге қабілетті отандық жоғары құны қосылған дайын өнімдер шығаруға мүмкіндік туады. Бұл орайда айта кетерлік жайт Қазақстанда Horizon Europe үйлестіру орталығы іске қосылды.  Еуропалық Одақ жыл сайын оның аясында зерттеу жобаларына арнайы гранттар береді.

Әлия Сембаева, «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
-Осы жылдың сәуір айында еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым қорын Еуро Одақтың ғылым және инновациялар бойынша негізгі бағдарламаларының ұлттық үйлестіру орталығы деп белгіледі. Бағдарлама Horizon Europe деп аталады. 2021-2027 жылдарды қамтитын бағдарламаның бюджеті шамамен 100 млрд еуроны құрайды.  Біз осы бағытта қазақстандық ғалымдар, отандық ұйымдар, өнеркәсіптің байқауларға қатысып, қаржыландыруға ілігуіне демеу жасаймыз. Олар тек қаржыға қол жеткізбейді. Жаңа жобаларын жүзеге асырып өндірісі мен технологиясын жетілдіруге мүмкіндік алады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында сирек кезігетін металдардың қорын молайтып, жаңа кен орындарын барлауға басымдық беруді тапсырды.  Үш жылдан кейін жер қойнауы зерттелген аумақты 2 млн 200 мың шаршы шақырымға жеткізу көзделіп отыр. Бұл үрдісте жаңа технологиялар мен инвестициялардың рөлі айрықша болмақ.

Роберт Брудзински, Қазақстандағы ЕО делегациясының жобалық менеджері
-Шетелдік инвестицияларды тарту бұл өте күрделі үрдіс. Ол үшін түрлі салалармен тығыз жұмыс жасау керек. Мемлекет басшысы бұл істің алға басуына серпін беруін тапсырды. Бұның артында белсенді жұмыс тұр. Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсарту үшін нақты шаралар кешені қажет. 

Қазір ел Үкіметі осыған қатысты нақты шаралар әзірлеп жатыр. Бұл – Президент тапсырмасы. Нәтижесінде өз қаражатын геологиялық барлауға құюға дайын инвесторларға жер қойнауын пайдалануға басым құқық қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар мұндай жобаларды келісу мерзімдері мен рәсімдері 2 есе қысқартылады.