Қазақстан маймыл шешегіне қарсы вакцина әзірлеуге дайын

Қазақстан маймыл шешегіне қарсы вакцина жасауға дайын. Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты осы жұмыстармен айналысуға құлықты. Ел Денсаулық сақтау министрлігі бұл инфекцияның республикаға келу ықтималдығын жоққа шығармайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазірдің өзінде әлемнің 19 елінде 200-ден астам жағдайды тіркеді. Аталмыш вирус дүние жүзінде тез қарқынмен таралып жатыр.

Леспек Құтымбетов, биологиялық қауіпсіздік мәселелері  ҒЗИ аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі:

– Біздің институт шешек вирустарымен көп жылдардан бері айналысады. Сондықтан тәжірибе жеткілікті. Мәселен, сиыр шешек және маймыл шешек бір топ десек, олардың арасында иммундық антигендік байланыс бар. Сондықтан бір вирус басқа вирусқа қарсы иммунитетті оңай құра алады. Мысалы, сиыр вирусының шешек ауруына қарсы иммунитетті құрудағы белсенділігі өте жоғары.

Бұл жерде дженерик-вакцинасы туралы сөз қозғалып отыр. Мұндай иммундық препараттар бұған дейін де жасалып, өз тиімділігін көрсетіп үлгерген.

Леспек Құтымбетов, биологиялық қауіпсіздік мәселелері  ҒЗИ аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі:

– Егер сиыр вирусына негізделген вакцина болса онда, жеделдетілген түрде, ал Ковид-19 кезіндегідей жұмыс істесек  алты айда вакцинаны дайындап шығуға болады. Одан кейін клиникаға дейінгі және  клиникалық сынақтар бар.

Биологиялық қауіпсіздік мәселелері институтының айтуынша, отандық эпидемиологтар мен дәрігерлер аса қауіпті инфекциялармен тиімді күресудің төте жолдарын тауып, қарсы тұруға үйренген. Бүгінде олар маймыл шешегінен де ауыр дерттерге төтеп бере алатыны сөзсіз.