Қазақстан мен Еуроодақ стратегиялық әріптестік туралы құжатқа қол қойды 

Қазақстан мен Еуроодақ тұрақты шикізат, батареялар және «жасыл» сутек құны тізбегі саласындағы стратегиялық әріптестік туралы меморандум бекітті. Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен құжатқа климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференцияның әлем көшбасшылары саммиті аясында қол қойды. Маңызды келісім Қазақстанның Еуроодақтың өнеркәсіптік альянстарымен қаржылық және технологиялық ынтымақтастық орнатуына жағдай жасайды. Сондай-ақ, еліміздегі кен орындарын барлауға инвестиция тартуды көздейді. Бұған қоса, мамандарды даярлау және еуропаның үздік оқу орындарында тағылымдамадан өтуге арналған бағдарлама мен арнайы Жол картасы құрылады.

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:

Еуропалық Одақ – Қазақстанның ең ірі және маңызды сауда серіктесі. Еліміздің сыртқы саудадағы үлесінің шамамен 30%-ы Еуроодаққа тиесілі. Сонымен қатар біз инвестициялық ынтымақтастықты арттыру және өзара сауда көлемін ұлғайту бойынша әлеуетіміздің зор екенін көріп отырмыз. Жалпы, біздің еліміз Еуропалық бизнес үшін тартымдылығы жоғары қажетті факторлардың бәріне ие, оның ішінде әртараптандырылған энергия көздері мен жоғары транзиттік-көліктік әлеует бар. Бүгін біз кезекті 27-ші отырыста стратегиялық әріптестік туралы құжатқа қол қойдық.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропалық комиссия президенті:

Еуропалық Одақ пен Қазақстан көп жылдан бері берік экономикалық байланыстарды дамытып келеді. Еуропалық Одақ – тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 60%-ды құрайтын Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвестор, сондай-ақ бүгін қол қойылған меморандум бұл қатынастарды одан әрі кеңейте түседі және олар біздің ниеттерімізге сәйкес келеді.

Самитте сөз сөйлеген Әлихан Смайылов Қазақстан климат жөніндегі Париж келісімінің мақсаттарын берік ұстанатынын атап өтті. Осының қамында елімізде жыл соңына дейін Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде алғаш болып төмен көміртекті даму стратегиясын қабылдау жоспарланғанын тілге тиек етті. Ол сондай-ақ, Қазақстан энергия көздерін дамытудың аймақтық орталығы болуға дайын екенін жеткізді. Бұл орайда, «Астана» ХҚО «жасыл» қаржының бірегей өңірлік инвестициялық орталығы бола алады. Айта кетейік, климаттық саммит жұмысына 120 дан астам елдің өкілдері қатысуда. Олар климаттың өзгеруінің ең өзекті мәселелері бойынша өз елдерінің ұстанымдарын білдіретін «ұлттық үндеулер» жасады.