Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда көлемі артады

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда көлемі артады

Қазақстан мен Өзбекстан жалпы құны 1 млрд долларды құрайтын жаңа 21 жобаны іске қосуға мүдделі. 

 

Айта кетейік, бұған дейін тараптар өндірістік бағытта АҚШ валютасымен 156 млн бағаланған 12 жобаны жүзеге асырған. Қос мемлекеттің сыртқы істер министрлері Астанада осы және өзге де экономикалық және әлеуметтік мақсаттағы жаңа бастамаларды пысықтады. Соңғы жылдары Орталық Азия аймағындағы маңызды серіктестердің саудасы тұрақты түрде 4 млрд доллардан асып келеді. Мақсат осы екпінді жоғалтпай, екіжақты тауар айналымын 10 млрд долларға дейін жеткізу. Шекарада биыл құрылысы басталатын Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының бұған септігі тиері анық. 

 

Су-энергетикалық кешен төңірегінде де бірлескен жобалар көзделіп отыр.  Екі мемлекеттің транзиттік әлеуетін арттыратын жаңа темір жолдарды салу жағы да ерекше назарда. 

 

Мұрат Нұртілеу, ҚР Сыртқы істер министрі: 

 

- Шекара арқылы өзбекстандық тасымалдаушылар үшін транзитті жеңілдету бағытында нақты қадамдар жасау туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Қазақ тарапы бұл мәселелерде ортақ мүдде тұрғысынан қарап, өзіміздің мүддемізге сәйкес шешуге дайындығын атап өттім. Өз кезегінде шекара арқылы өзбекстандық тасымалдаушылар үшін транзитті жеңілдету бағытында бірнеше нұсқа ұсынды. Оның ішінде шекарадан өту пункттерінің санын көбейту, жаңа жол салу мәселелері сияқты көптеген нақты сұрақтарды талқылап, жақын арада тиісті министрліктер арасында келіссөздер жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. 

 

Бахтиёр Саидов, Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі: 

 

- Мемлекеттеріміздің көлік және транзиттік әлеуетін арттыру алдымызда тұрған өзекті мәселелердің бірі. Сондай-ақ шекарада орналасқан өткізу бекеттерін жаңғырту, олардың өткізу мүмкіндіктерін кеңейту, кедендік және басқа да қызметтерді цифрландыру мәселелеріне де жіті тоқталдық.