Қазақстан Президенті қатарлық кәсіпкерлермен кездесу өткізді

Қазақстан Президенті қатарлық кәсіпкерлермен кездесу өткізді

Қазақстан Президентінің Дохаға мемлекеттік сапары бірқатар катарлық ірі бизнес өкілдерімен кездесумен жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Al Faisal Holding компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, Қатар кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Фейсал бен Қасым Әл Тәнимен келіссөз жүргізді. Әңгіме барысында құрылыс, туризм және қонақ үй бизнесі салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ білім беру бағыты бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Qatar Investment Authority  қорының басшысы – Мансур Ибрагим Әл-Махмудпен кездесу барысында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және қаржы саласындағы ықпалдастық мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Qatar Investment Authority компаниясы мен «Самұрық-Қазына» қоры арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық екі елдің экономикалық серіктестігінің қозғаушы күші бола алатынын атап өтті. Экономиканың түрлі секторындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективалары туралы Қасым-Жомарт Тоқаев  Power International Holding басшыларымен кездесуде айтты. Катарлық холдинг Қашағанда газ өңдеу зауыттарын, Қызылорда облысында бу-газ қондырғыларының технологиясына негізделген электр станциясын салуға қызығушылық танытып отыр.

 

Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:

– Біз құны 11 млрд доллар болатын 4 өте ірі жобаны қаржыландыру бойынша инвестициялық келісімге қол қойдық. Газ саласындағы бұл келісімдер, жалпы, ірі жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бұның ішінде екі облысты байланыстыратын Ақтөбе-Қостанай магистралды газ құбыры бар. Ол халықты, ірі кәсіпорындарды және мегаинвестициялық жобаларды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге бағытталған. Екінші желі – «Бейнеу-Бозой-Шымкент» жобасы бойынша да келісімге қол қойдық. Бұл жоба Қазақстан Республикасы үшін үлкен экономикалық және әлеуметтік маңызға ие.

 

Президент Nebras Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы – Мұхаммед Нассер Әл-Хаджримен кездесуде энергетика саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары және жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция тарту мәселесін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге баса мән беретінін айтты. Осыған орай Мемлекет басшысы Nebras Power компаниясының елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға қызығушылық танытып отырғанын жоғары бағалады.