Қазақстан жасанды интеллектіні енгізуде үздік 30 елдің қатарына кірді
Қазақстан жасанды интеллектіні енгізу деңгейі бойынша әлемнің үздік 30 елінің қатарына кірді. Елімізге ChatGPT платформасының авторы саналатын OpenAI компаниясының өкілдері келген еді. Зерттеуге қарағанда, қазақстандықтардың 33 пайызы нейрожүйені практикалық нұсқаулықтар алуға, 25 пайызы мәтіндерді жазу мен өңдеуге пайдаланады екен. Тағы 18 пайызы ақпарат іздеу үшін қолданады. ChatGPT пайдаланатындардың көбі 18 бен 34 жас аралығындағы азаматтар. Қазір білім беру жүйесіне жасанды зердені енгізуге басымдық беріліп жатыр. Осы мақсатта ChatGPT Edu платформасы 165 мың педагогке қолжетімді болмақ. Жобаның технологиялық серіктесі отандық Bilim Group IT-холдингі. Айта кетейік, жаһандық рейтингіде көршілес Қырғызстан 52-орынға, Өзбекстан 58-орынға тұрақтаған.

