Қазақстанда алдағы 5 жылда агроөнеркәсіп кешені саласында 380 жоба жүзеге асырылады
Қазақстанда алдағы 5 жылда агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы құны 4 трлн теңгеден асатын 380 жоба жүзеге асырылады. Оның 65 проценттен астамы импортты алмастыруға бағытталады. Олар кезең-кезеңмен жылына орта есеппен 80 жобадан іске қосылады. Бұл орайда саланың экспорттық әлеуетін ұлғайту, оның ішінде бордақылау алаңдары, репродукторлар, жылыжайлар, сондай-ақ өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша бірқатар бастамалар қолға алынады. Нәтижесінде еңбек өнімділігі ұлғайып, ауылдық жерлерде 500 мыңға тарта жаңа жұмыс орындары құрылады. Бұл туралы үкіметтің кезекті отырысында айтылды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Осы шараларды іске асыру нәтижесінде агроөнеркәсіптік кешенде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру және 70 пайыз өңделген өнімді экспорттауды екі есеге ұлғайту жоспарланып отыр. Бұдан басқа жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 1,3 есеге ұлғайту керек. Бұл ретте, 2023 жылға қарай ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарлары бойынша отандық өніммен 100 пайыз молықтыру қамтамасыз етіледі. Біздің басты – мақсатымыз еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Сондай-ақ үкімет басшысы биыл агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба қабылданатынын жеткізді. Жоба ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, субсидиялау жүйесін жетілдіру, ауылдық кооперацияны ынталандыру, ветеринариялық, фитосанитариялық қызметтер мен аграрлық ғылымды дамыту бойынша 7 ірі экожүйені құруды көздейді.