Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді

Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді

Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатындар көбейген. Саланың өндірген өнімдері сапа жағынан ең талғампаз тұтынушының көңілінен шығып жатыр. Бұл туралы елордадағы әлеуметтік шеберхана иесі Эмин Әскеров мәлім етті. 2015 жылы өз кәсібін өрбіте бастаған маманның қол астында бүгінде 53 осал санаттағы азамат жұмыс істейді. Олардың қатарында жалғызбасты аналар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, мүгедектігі бар азаматтар мен түзету орындарынан босап шыққандар бар.

Эмин Әскеров, әлеуметтік кәсіпкер:

- Өндірістің белгілі бір кластерімен айналысамыз. Оған ағаш цехы, тігін, полиграфия және тағы да басқалары кіреді. Өткен жылдан бастап өңірлерде ашыла бастадық. Павлодарда алғашқы филиал ашылған еді, қазір Семейде цех ашқалы отырмыз. Біз жалпы немен айналысамыз? Тұтынушылардың сұранысына ие дүниелерді шығарамыз. Мысалы, қазір балаларға арналған ойыншық ойлап таптық. Оны «антигаджеттік өнім» деп атадық, ол «Өзің құрастырып ал» сериясынан. Бала экологиялық таза өнімнен жасалған машинаны өзі құрастырады.

Аталған балалар ойыншығына ресейліктер қызығушылық танытыпты. Көрші мемлекет өнімді сатып алуға ынталы. Эмин Әскеров еліміздің белді компанияларымен серіктестік қарым-қатынаста. «Бұл тұтынушылар өнімнің сапасын бағалағандықтан», – дейді әлеуметтік кәсіпкер.

Авторы: Ақзер Сегізбаева