Қазақстанда көрнекі ақпарат орналастыру талаптары күшейтіледі
Қазақстанда мемлекеттік тілге дубляж жасалатын фильмдерге қойылатын талап күшейтіледі. Ондағы мәтіннің дұрыс аударылуы мен қолданылуы, дыбысталуы мен тұпнұсқадағы мағынадан ауытқымауына аса ден қойлатын болады. Мәжілістің жалпы отырысында осы нормалар көзделген заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
АҚТОТЫ РАЙЫМҚҰЛОВА, ҚР МƏДЕНИЕТ ЖƏНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:
- Біздің республикамызға кіретін фильмдердің бәрі прокаттау куәлігін алады. Осы прокаттау куәлігімен ғана фильмдерді көрсетуге құқықтары бар. Осы куәлікті тоқтатуға 2 айға дейін құқығымыз бар. Егер осы нормаларды орындамай, орфографиялық және басқада мәтіндерді бұзып шығаратын фильмдер болса, жалпы куәлікті бермеуге де, тоқтатып, оны алып қалуға да біздің құқығымыз бар.
Сондай-ақ аталмыш заң жобасына сәйкес енді еліміздегі көрнекі ақпараттық деректерде қазақ тіліндегі мәтіні міндетті болады. Бұл орайда маңдайшалар, баннерлер, хабарландырулар, жарнама тақтайшалары, баға көрсеткіштеріне талап күшейтіледі.
АҚТОТЫ РАЙЫМҚҰЛОВА, ҚР МƏДЕНИЕТ ЖƏНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:
- Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазу талабы қазақ тіліндегі мәтіндердің сапасыз жазылуына, орфографиялық қателерге жол бермеуге бағытталған. Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің тең түпнұсқалы аудармасын сақтап отырып жазу талабы қоғамда екі тілде қазақ және орыс тілдеріндегі берілген мәтіндердің мағыналық, мазмұндық жағынан сәйкес келмеуі фактілерін жоюға бағытталып отыр.
Айта кетейік, былтыр көрнекі ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі мәтіндердің сапасына қатысты 3,5 мың шағым түскен. Осы олқылықтарды жою қамында 13 занамалық актіге түзетулер енгізу көзделіп отыр.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов