Қазақстанда Семей ядролық қауіпсіздік аймағы құрылады

Қазақстанда Семей ядролық қауіпсіздік аймағы құрылады

Қазақстанда Семей ядролық қауіпсіздік аймағы құрылады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов хабарлады. Министр мәлім еткендей, полигон жабылғалы бері бірқатар проблемалық мәселелер анықталған.  

Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:

– Проблемаларды шешу мақсатында «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасы әзірленді. Онда мыналар ұсынылады: біріншісі Семей ядролық сынақ полигонындағы жұмыстардың орындалуына жауапты ұйымды тағайындау, екіншісі - кешенді экологиялық тексеру және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері бойынша нормативтен тыс радиациялық ластанған аумақтардың және шартты таза жерлердің шекаралары мен ауданын айқындау. Үшіншісі – ластанған жерлерде Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оларды уәкілетті ұйымға пайдалануға беру.

Айта кетейік, 1949 жылғы 29 тамызда Семей сынақ полигонында алғашқы ядролық бомба сыналды. 40 жылдан астам уақытта  полигонда 456 ядролық сынақ өткізіліп, жарылыстардың жиынтық қуаты Жапонияның Хиросима қаласына тасталған ядролық зарядтың қуатынан 250 есе артық болды. 1991 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Бүгінгі таңда оның аумағы - шамамен 18 300 км.