Қазақстанда шетелдік әскерилер БҰҰ курсынан өтуде

Қазақстанға азаматтық тұрғындарды қорғау жөніндегі негізгі қағидаттармен танысу мақсатында шетелдік әскери қызметшілер келді. Еліміздің Қорғаныс министрлігі бітімгершілік операциялар орталығында БҰҰ-ның халықаралық сертификатталған курсы басталды. Иран, Қытай, Ресей, Сауд Арабиясы, Франция, Чехия, Жапония, сондай-ақ Қазақстанның құқық қорғау органдарының әскери қызметкерлері халықаралық ұйым миссияларының тұжырымдамасын, сондай-ақ бітімгерлердің халықты қорғау жөніндегі құқықтары мен міндеттерін зерттейді. Курстарды орталықтың нұсқаушылары және біздің республикамыздағы БҰҰ Кеңсесінің өкілдері бірлесіп жүргізеді.

Арман Тастанбеков, ҚР Қорғаныс министрлігі бітімгерлік операциялар орталығының аға офицер – оқытушысы:
-
Курс екі апта бойы жүргізіледі. Сондай-ақ, екі блоктан тұрады. Курс әскери, азаматтық және полиция қызметкерлерін бейбіт тұрғындарды қорғау саласындағы БҰҰ саясатымен таныстыруға арналған.

Миржан Елеусінов, ҚР Қорғаныс министрлігі бітімгерлік операциялар орталығының офицер – оқытушысы:
-
Курста оқытылатын барлық матераилдар БҰҰ Бітімгершілер операциялар департаментінің оқыту қызметімен әзірленген. Және мақұлданған. Бұл курс БҰҰ-ның  миссияларындағы азаматтардық тұрғындарды қорғау мандатымен қатысатын бітімгершілерге өте қажет. Бұл курста сабақтар презентациялар, бейнематериалдар,   топтық талдаулар және әзірленген сценарийлер арқылы өткізіледі.

Осының негізінде команда проблемаларды шешіп, оларды пленарлық отырыстарды ұсынады. Оқытушылар курстан өту бітімгерлерге бейбіт тұрғындарды тиімді қорғауға көмектеседі дейді. Курс аяқталғаннан кейін тыңдаушыларға БҰҰ сертификаттары табысталады.