Қ.Тоқаев ресейлік «Известия» газетіне сұхбат берді

Қ.Тоқаев ресейлік «Известия» газетіне сұхбат берді

Сындарлы саясат және өзара тиімді нәтижеге ұмтылыс. Қасым-Жомарт Тоқаев «Известия» газетіне берген сұхбатында Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастардың мән-мазмұны бай әрі жоғары деңгейде екенін атап өтті. Президент биыл ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толатынын айтты. Мемлекетаралық шарттың символдық мәні зор. Өйткені онда екіжақты байланыстардың келешегі көрсетілген. Мемлекет басшысы Астанада Ресей Президентімен алдағы кездесудің күн тәртібіне де тоқталды. Ел басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы байланыстардың аспектілерін де қарастырамыз. Әлемдегі ахуалдың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасамыз. Сонымен қатар Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысамыз. Бұл – аймақтар мен екі ел кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға ықпал ететін бірегей әрі өте тиімді формат. Биыл Қазақстанның Қостанай қаласында аталған жиын 19-шы рет өткізіледі. Іс-шараның тақырыбы – ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық. Форум Ресей Президентінің Қазақстанға алдағы сапары секілді табысты өтеді деп сенемін.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ашуды ақылға жеңдірген жағдайда ғана әлемде тепе-теңдік қайта орнайды деп атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, оған халықаралық құқық нормаларын мүлтіксіз сақтаған сәтте ғана қол жеткізуге болады. Түптеп келгенде, жаһан жұрты «ұзақмерзімді бейбітшілікке» жету үшін екі шартты міндетті түрде орындауы тиіс. Атап айтқанда, өзара ымыраға дайын болу және халықаралық құқық нормаларын сақтау. Екінші бөлігі – Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі ұстанымы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Кез келген қайшылықты БҰҰ Жарғысының нормалары мен қағидаттарына сай шешуге болатынына кәміл сенемін. Бұл құжатты әлемдік қоғамдастық адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыстан кейін қабылдады. Мұндай қасірет енді қайталанбауы үшін халықаралық аренада бәріне түсінікті, ортақ ойын ережесі қабылданды. Бұл ізгілік пен адамгершілік қағидаттарының зор жеңісі еді. Әзірге әлем қақтығыстарды еңсерудің бұдан артық тәсілін ойлап тапқан жоқ.