Қазақстанда «жасыл» қаржыландыруды дамыту

Қазақстан «жасыл» экономикаға көшу жолында. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған отандық жобаларға инвестициялар да қарқынды өсуде. Мысалы, осы жылдың 10 айында мұндай капитал салымдарының сомасы 129 миллиард теңгеден асты. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 22% артық. Сарапшылардың дерегі бойынша, соңғы жылдары республиканың «жасыл» жобаларына салынған инвестициялар көлемі 87,2% өсті. Бұл қаражат атмосфераға лас заттардың шығарындыларын азайту мен оларды кәдеге жаратуға байланысты мәселелерді шешуге, сондай-ақ Жаңартылатын энергия көздері саласындағы инновациялық жобаларды іске асыруға бағытталған.

АРМАН ҚАШҚЫНБЕКОВ, ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ СЕНІМ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ, ҚР-ДАҒЫ БҰҰДБ ТҰРАҚТЫ ДАМУ ЖӨНІНДЕГІ БАСШЫСЫ:

- Жалпы EXPO-ға дайындық және ол өткеннен бергі уақытта, былай айтқанда, соңғы 5 жыл ішінде жаңғырмалы энергия көздері саласындағы жобаларды қаржыландыру мәселелері шешіліп, жеңілдетілді. Ірі энергетикалық станциялар, жаңадан ірі объектілер салынды. Қазақстанда жасыл жобаларды қаржыландыру бойынша тағы бір маңызды тренд – бұл күрделі шығындардың азаюы және жаңа жасыл нысандарды іске қосу құны. 2-3 жылда жаңа нысандарға инвестиция салуға жұмсалатын күрделі шығындар 3 есеге жуық азайды, әрине, бұл оларды қолжетімді ете түседі. Қазір әңгіме үлкен жобалар туралы ғана емес, көп қаржы институттарын тарта отырып, шағын нысандар туралы да болып отыр.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда «жасыл» қаржыландыруды дамыту жаңартылатын энергетика саласындағы жаңа нысандарды іске асыруды жеделдетті. Мысалы, егер 2015 жылы елімізде электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 0,77% құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 3% асады. Ал гидро, жел және күннен өндірілетін таза энергия көлемі тек соңғы жылы 44% артты.

Авторы: Ақзер Сегізбай