Жыл басынан Қазақстан экономикасы 4,8 % өсті

Жыл басынан Қазақстан экономикасы 4,8 % өсті

Жыл басынан ел экономикасының өсу қарқыны 4,8 % құрады. Бұл ретте нақты сектор мен қызмет көрсету саласының үлесі басым деп баяндады Ұлттық экономика министрі Үкімет отырысында. Әлібек Қуантыровтың дерегінше, негізгі капиталға салынған инвестициялар қарқын ала түскен. Олардың ағыны көлік пен қоймалау бағытында жақсы сезіледі. Бұндағы өсім 60% жуықтаған. Әдеттегідей, көшбасында отандық автоөндіріс саласы. Ауыл шаруашылығының аяқ алысы жақсы. Сусындар, азық-түлік пен жеңіл өнеркәсіпке бағытталған қаржы түсімі ұлғайған.  Яғни бұл – елде іскерлік белсенділікке қан жүгірді дегеннің белгісі. Сауда-саттыққа құйылған қаржы төрттен бірге артқан. Бұл сыртқы алыс-беріске де оң әсерін тигізіп отыр.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-маусымда сыртқы сауда тауар айналымы 4,8%-ке өсіп, 67,2 млрд долларды құрады. Экспорт 38 млрд долларды құрады. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 12,1 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 29,3 млрд долларды құрады.  Жалпы, оң сауда балансы 8,7 млрд долларға тең.

Үкімет басшысы бұл ретте бағаны реттеудің маңызына жіті тоқталды.  Алдымен бұл ел халқының тұрмыс сапасын жақсартудың қамы екенін тілге тиек етті. Ол инфляцияға тікелей қатысты. Бүгінде оның  деңгейі алты ай қатарынан төмендеп келеді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Үкімет алдында тұрған аса маңызды міндеттің бірі – бағаның өсуін тежеу. Осы жылдың ақпан айынан бастап елде инфляция біртіндеп баяулады. Қабылданған шаралардың арқасында оны жылдық есеппен  14% дейін қысқартуға мүмкіндік туды. Бұл ретте біздің алдымызда жыл соңына дейін инфляция деңгейін өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге төмендету міндеті тұр. Инфляцияға негізгі үлесті азық-түлік өнімдері жалғастырып отырғанын ескере отырып, алдын алу шараларын уақтылы қабылдау қажет. Оған барлық қажетті мүмкіндік бар.

Премьер-Министр жыл соңына дейін экономиканың өсім қарқынын сақтауды қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Ынталандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Экономиканы әртараптандырып, отандық өндіріс алға басу үшін инвестиция тартуға күш салуды тапсырды.